Қаратаева Аққу Қаратайқызы
Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Түгіскен ауылында 1973 жылы 19 мамыр айында дүние келген. Білімі: жоғары, 1996 жылы Жамбыл педагогтік институты, мамандығы «қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі», «Қайнар» университеті, заңгер.
1997-2017 жылдары Алматы «Қайнар» университетінің Жамбыл филиалында аға оқытушы, Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінде гуманитарлық пәндер циклы жетекшісі, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, Тараз техникалық институтында аға оқытушы болып қызмет атқарған. Жоғары санатты ұстаз оқу орындарының құрмет грамоталарымен марапатталған. Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы: Филология ғылымының магистрі, Тараз мемлекеттік университетін гуманитарлық бағыт бойынша мемлекеттік тапсырыспен тамамдаған. Ғылыми диссертация тақырыбы: «Мекемтас Мырзахметұлы – публицист, әдебиет зерттеушісі»
Ғылыми еңбектері: республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми конференция жинақтарында 10 аса мақалалары жарияланған және диссертацияның авторефераты ТарМУ-дың ғылыми қорында сақтаулы.
А.Қаратаева 2018 жылдан бері этносаралық қарым-қатынастар саласында әдістемелік көмек көрсету және мониторинг бөлімінің әдіскері, басшысы ретінде облыстық ассамблеяның этностарына қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық келісімнің үлгісін қоғамдық санаға үйлестіру мақсатындағы ағартушылық бағдарламаларды жүргізіп, бөлімде ассамблея құрылымдарының этностармен жұмыс жоспарының тиімді жүзеге асуын ұйымдастырып отыр. Облыс көлемінде этностар тарапынан жасалып жатқан қайырымдылық шараларын, меценаттар реестрін жүйелеп, үйлестіріп келеді.
Қазақ халқының жалпықазақстандық ұлттық бірегейлікті нығайтудың біріктіруші рухани бастауы болып табылатын мәдени феномендерін және басты ізгілікті қағидалары ашуға, таратуға және оны Қазақстанның барлық этностарының қабылдауына бағытталған «Қазақтану» жобасын аналар кеңесінің, жастардың жұмыс жоспарларына енгізіп, жүзеге асыруға басшылық жасады. Қазақ тілін еркін меңгерген өзге этнос өкілдерінің «Мәміле» пікірлесу клубының жұмысын жолға қойды. Этномәдени бірлестіктер жастарының қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған республикалық поэтикалық эстафетасына белсенді қатысуына және осы бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыруға ат салысты.
Қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау мақсатында этностар арасында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өткізетін іс-шараларға, өңірдегі этносаралық келісімді нығайту жұмысына, қазақстандық патриотизмді насихаттауға және мемлекеттік ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға белсенді қатысады.
Әрдайым өзінің жауапкершілігімен және тапсырмаларды орындауда адалдығымен ерекшеленеді, еңбек қызметінде жоғары жұмыс қабілеттілігі бар сауатты, еңбекқор қызметкер ретінде көрсете білді, тамаша ұйымдастырушылық қабілеті бар, әріптестерімен қарым-қатынаста әдепті, мейірімді, ұжымда құрметке ие.
Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының (2019 жыл), мекеме басшылығының (2018ж.) алғыс хаттарымен марапатталған.


